Емдік шөптер

lat: Emdik shópter

Этнографиялық тарихи деректер мен жазба деректерде қазақ емшілерінің практикасында кең таралған қолжетімді тәсіл ретінде емдік шөптер аталады. Ол халықтық тәжірибенің ұзақ уақыт бойындағы жіті бақылау нәтижесінен туған, әрі емдеуде нәтижелілігі (сиқыр мен тылсыммен емдеуге қарағанда) жоғары деп саналды. Қазақтың шөл мен шөлейт жерлері, биiк таулы өлкелері, Жайық пен Ырғыз, Ертiс бойы, Қарқаралы, Көкшетау және т.б. қыратты аймақтары сол өңірге таралған емдік маңызы бар эндемик шөптерге бай. Емшілер кез келген шөптің қандай ауруға дауа бола алатындығын жабайы аң-құс пен төрт түліктің, үй жануарларының ауырып, жараланған кездегі әрекетін бақылау арқылы қол жеткізген деген мәлімет жиі кездеседі. Олар ауырған кезде бұрын қорек ретiнде пайдаланбайтын өсiмдiктi iздеп жүрiп жеп, құлантаза айығатынын байқаған қазақтар сол өсiмдiктердi сынап көрген соң өзінің емдеу практикасына енгізген. Емдік шөптерді өңдеп, ем дайындаумен айналысатын арнайы адамдар туралы дерек жоқ, керісінше онымен емші, тәуіптердің өздері айналысқан. Емшілер емдік шөптерді жинау үшін көктемнен күзге дейін тыным көрмей алыс жерлерге арнайы барып әкелетін. Ал емдік шөптер туралы мәліметі бар тұрғындар көш кезінде, жайлау, күзеуге жақын маңайдан теріп алған.                                                                                                                                                                                                                                                                              Төрт түлiктiң қамымен мыңдаған шақырымды көшіп жүретін қазақтар әрбiр өсiмдiктiң гүлдеу, ұрық шашу, өсiп-өну, қурау мерзiмiн жақсы айырған. Жыл маусымына сәйкес өсiмдiктердiң шипалық немесе улы қасиетiнiң артатын кезеңдерiне сай улы түрінен сақтанған және емдік шөптерді күш-қуаты бойында тұрған кезінде жинап алған. Мысалы, сабағы дәру болатын қырықбуын, жолжелкен сияқты өсімдіктерді гүл ашудан бұрын жинаса, тамыры кәдеге жарайтын ( мия, рауғаш ) шөптерді жаздың соңында немесе күздiң аяқ шенiнде қазып алған. Ал сабағы мен жапырақтары қажет өсiмдiктердi ( қылша, өлең, жалбыз және т.б. сияқты) қаулап жапырақ жайған кезде сабағымен қосып жинап алады. Гүлi кәдеге асатын өсiмдiктi гүлiн төкпестен бұрын ( үшқатгүл, итмұрын ), ал жемiсi мен тұқымының емдік қасиеті болса, пiскен кезде жинап алады. Жиналған емдік шөптердің әуелi емге жарамсыз бөлiктерi кесіледі. Сабақ, тамырлары топырағынан тазартылып, iшкi өзегi мен сыртқы қабығы ажыратылған соң бабымен ұзақ кептiріледі. Емдік шөптердің тамырын күн көзiне, жапырақ пен өсiмдiк сабағын көлеңкеде кептiредi. Сонан кейін ғана өңдеу сатысына көшеді. Дәрілік қасиеті бар улы шөптердің әсерін әлсiрету үшiн алдымен сыртын қырып тазалайды. Тазаланған шөпті турап жауылша немесе табаға қуыру арқылы өңдейдi.                                                                                                                                                                                                   Шөптің емдік қасиетін айырудың алуан түрлі тәсілдері кеңінен қолданылған. Кепкен өсiмдiкті пайдаланар алдында су бүркiп, дымқыл шүберекке орап ылғал сіңіреді. Қара андыз, жол желкен, зығыр сияқты сыртында түкшелерi бар өсiмдiктер қайнаған кезде желiмделiп қалатындықтан, шүберекке түйiп қайнатады. Малдың бит, бүрге, кенелерiне қарсы күштi дәрілік өсiмдiктер мен улы өсiмдiктердi келiге түйiп талқандап, елеп, ұнтақтап қолданған. Осындай у ұнтағын алудың жетiлген тәсiлi «қазан төңкеру» деп аталады.                                                    Емшілер жинап, теріп алған шөптерді қолдану мақсатына сай (оны емшілер «емдеудің шарты» деп атайды) өңдеген соң, әртүрлі ем түрін жасайды. Емдік шөптердің тамырын, сабағын, жапырағын, тұқымын қуырып, қайнатып, күйдіріп, ұсақтап, ұнтақтап пайдаланады. Емдік шөптерді көбінесе қайнатпа, тұндырма түрінде пайдалану ең көп таралған тәсіл болды. Дәрігер А.Ягминнің мәліметінше (1845 ж.) емдік шөптерден жасалатын дәрілерді сипаты жағынан сергітетін, терлететін, іш айдайтын, әл-қуат беретін деген 4 түрге топтауға болады. Емдік шөптерді басқадай тәсілмен қолдану жолдары бар. Ұнтақ, оқ-дәрі, майға араластырған шылама және сылама түрінде дайындалған. Тіпті, жерді қазып шоқ салып, қоламтаға кәуіл өсімдігінің тамырын, қызыл бұрыш салып, ыстықпен булау тәсілін пайдаланған. Ол суықтан болған ауруға шипа болған. Емдік шөптердің құрамындағы май, эфир майларының сығындыларын құрғақ тәсілмен айдау арқылы дайындау практикасы қазақ арасында белгілі болған. Қызғалдақ дәнінің майын сырқыраған аяққа жағады. Майлы дәнді қыздырып, келіге түйіп, қайнатып алады, қазанға күйдіріп, тазасын айырып алып, аш қарынға бір қасықтан ішеді. Мал түгіне жабысқыш тікенекті өсімдік – шоңайнаны күйдіріп, майға араластырып, жараға жағады.                                                                                                                                                                                                                                                                          Белгiлi бiр ауруға қарсы бiрнеше емдік шөпті жеке-жеке қолданғанымен, оларды бiрiктiрiп, үлкен бiр күрделi рецепт жасау халық емшiлерi арасында кең таралмаған. Керісінше, жекелеген ауруларға қатысты бiрнеше түрлi өсiмдiктi алмастырып қолданған. Іле бассейнiнде көп кездесетін жусан бүрiнің, көк мия дәнiнiң тұнбасымен тыныс жолы ауруын емдеген. Оның қою етіп дайындаған (концентрация жоғары) түрін қойдың жөтелiне де берген.                                                                                                                                                                      Қазақ емшілері қолданылатын емдік шөп қатарында қалақай, ащы жалбыз, андыздың жапырағы, шытыр, шайшөптiң гүлдерiн, емен, қарашiлiктің қабығын, қарағай мен жалбыздың бүршiгiн, итшомырт, арша жидегi, дермене, итмұрынның жемiстерi мен тұқымдарын, рауғаштың тамырын қолдану кең таралған үрдіске жатады. Қымыздықты дәрет тұтылуға, жидені қантышқаққа, дерменені ішектің аққұртына, көкемаралды көкірек, жөтел ауруына қарсы қолданған. Өкпе ауруларына қымызға сапырып емдік өсімдік күшәланы пайдаланған . Алтай қазақтары тіс ауырғанда шұбаршық, жанқабақ шөбін темекі тәрізді етіп тартып, ауру зардабын қайтарған. Асқазан ауруларына негізінен хош иісті (аромат) шөптер (тұнба және қою ботқа түрінде дайындап берген) шипа деп жазады И.Краузе. Оған көбіне жалбыз бен киікотын пайдаланған. Жараға – иманжапырақ, меңдуана, шеменге қызылмияны бірден-бір ем деп санаған. Г.Н. Потанин мия тамырын ақсау мен сулы жараға шипа ретінде пайдаланғандығын айтады. Дәрілік қасиеті бір-біріне сіңген соң уқорғасынның тамырын үшкілдеп тіліп ауырған тістің түбіне қыстырып, сүт пісірімдей уақыт қалдырады. Қарағайдың бүртiктерiн қылқандарымен қоса қайнатып, тұнбасын терi ауруларын және күйiктi емдеуге қолданған. Халық емшілігенде түйеқарын қышыма кеселге, ал адыраспанның жылы тұнбасы және қымыздық жапырағының қайнатындысы қышыма мен есекжем тәрізді тері ауруларына; қарағаштың майда түктері күйiк жарасына маймен араластырып ем жасауға пайдаланылған . Шегіршiннiң тамырын ұнтақтап, жылан шаққанда және итқұс тартқан жара iсiгiне себедi.